Баспасөз орталығы

«Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының өкілдері Алматы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бос орындар жәрмеңкесіне қатысты

Жаңалықтар 08 Апреля 2022
«Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының өкілдері Алматы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған бос орындар жәрмеңкесіне қатысты

Алматыда De Montfort University оқу орны ұйымдастырған мансаптық жәрмеңкесі өтіп, онда 1000-нан астам жас маман мен 50-ден астам халықаралық және ұлттық компаниялардың өкілі жиналды. Шараға келушілер HR мамандарымен жеке кездесіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы біле алды, мысалы сұхбаттасу кезінде өзін қалай жақсы көрсету керектігі, өз дағдыларын сынау жайлы. Сондай-ақ, қатысушылар түрлі саладағы 30-дан астам жетекші сарапшының шеберлік сабақтарын тыңдады.

Бос орындар жәрмеңкесінде Қор компаниялары тобынан «Air Astana» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Кселл» АҚ, «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің өкілдері сөз сөйледі.

Осылайша «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті Қор тобының өзекті бос жұмыс орындарын таныстырды. Мамандар аталған компаниялардағы рекрутинг процесі туралы ақпаратпен бөлісті, сондай-ақ HR саласында белсенді пайдаланылатын тиімді IT-шешімдер туралы айтты.

Жәрмеңке қалай өткенін «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің қызметкерлері: Операциялық тиімділікті арттыру департаментінің директоры Әділ Әбдіханов және Рекрутинг департаментінің менеджері Әйгерім Қапасова айтып берді.

«Маған жәрмеңкеде көптеген адамдарды қамту мүмкіндігі ұнады: түрлі университеттердің студенттері мен түлектері болды. Қатысушылар іс-шараның өзіне ғана емес, роботтандыру тақырыбына да шынайы қызығушылық танытты. Бұл, әрине, өте қуанышты.

Шара ең жоғары деңгейде өтті. Студенттер тәжірибелік көмек алса, жұмыс берушілер өз аудиториясын тани түсті», - деді Әділ Әбдіханов.

«Жәрмеңке жоғары деңгейде өтті! Шараға ірі және танымал компаниялар қатысты, сондықтан қонақтардың қатары да қалың болды. Олар негізінен екінші және үшінші курс студенттері, түлектер мен магистранттар ретінде бой көрсетті. Жәрмеңке 2 күн бойы қызу өтті.

«Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің өкілі ретінде, қонақтарды Samruk Qyzmet бірыңғай бос жұмыс орындары платформасымен таныстырдым. Іс-шарада жоба туралы көп адамдар білмейтін болып шықты. Сондықтан мен оның мүмкіндіктері туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар www.qsamruk.kz бос орындар сайтын қаншалықты ыңғайлы және тиімді пайдалану керектігін көрсеттім. Samruk Qyzmet платформасы жұмысқа орналасу жағы тез және ыңғайлы кейіпке енді.  Сайтта тіркелгеннен кейін ізденушілер қызықтыратын бос орынға үн қатады, ал рекрутерлер олардың түйіндемелері негізінде лайықты үміткерлерді таңдап, қоңырау шалып, тестілеуге жіберіп, сұхбат жүргізеді. Іріктеу кезеңдерінен табысты өту нәтижесінде үміткер жұмысқа орналасу туралы жазбаша ұсыныс алып, онда болашақта жасалатын шарттың барлық талабы көрсетіледі. Сондай-ақ бізде «Түйіндемені қалай әзірлеген дұрыс», «Еңбек нарығында өзіңді қалай таныстыру керек» деген оқыту сабақтары бар - бұл өзінің мансаптық сауаттылығын арттыруға және қазіргіден де табысты болуға құштар адамдар үшін пайдалы дүние.

Жалпы жастардың бойынан оқу мен дамуға деген зор құлшыныс байқадым. Тіпті қазірден келешегін ойлап жүрген оқушылар жақындап, бәріне қызығушылық танытып жатты. Осындай сәттерде мен жастардың көпшілігінің құндылықтары қаншалықты өзгергенін түсінгендеймін. Жаңа уақыттағы жаңа құндылықтар бізді басқаға көмектесіп, тәжірибе алмасуға ынталандырады», – деді Әйгерім Қапасова өз әсерімен бөліскен райда.

Шараны ұйымдастырушылар ең өзекті тақырыптардың бірі – «Диджитализация және роботтандыру» тақырыбын назардан тыс қалдырмады.

«Роботтар адамдарды алмастыра ала ма?» - іс-шараны ұйымдастырушылар арасында да, қонақтар арасында да екіұшты пікір тудырған қызықты сұрақ осы болды. Операциялық тиімділікті арттыру департаментінің директоры Әділ Әбдіханов өз баяндамасында осы сұраққа жауап беруге күш салды.

«Мен бұл мәселені түрлі форумдарда, конференцияларда және басқа да жерлерде жиі кездестіремін.

Роботтар оңай алмастыратын мамандықтар бар. Мысалы, телефоншы мамандығы. Сіз бұл жұмыс туралы соңғы рет қашан естіп едіңіз? Дұрыс, ұмытып та қалған боларсыз,  телефоншылар баяғыдан жоқ. Өйткені қазір бәрі автоматтандырылған.

Ал қандай қызмет салаларында адамдарды роботтармен алмастыру мүмкін емес? Шығармашылық ойлау мен қалыптан тыс, өзгеше тәсілдерді қажет ететін кездерде. Мысалы, саудада тиімді сату үшін мақсатқа жетудің стандартты емес әдістерін іздеу қажет, ал роботтар бұған қауқарсыз», - деп өз пікірімен бөлісті Әділ Әбдіханов.