Баспасөз орталығы

Жарақаттан сақтану жолында. Астанада «KEGOC» АҚ ауқымды HSE форумы өтті

Жаңалықтар 21 Октября 2022
Жарақаттан сақтану жолында. Астанада «KEGOC» АҚ ауқымды HSE форумы өтті

Шара «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-дағы HSE форумдарынан кейін Қор тобында үшінші рет болып отыр. Топтағы қауіпсіздік саласындағы барлық іс-шараны Samruk Business Academy бірлесе ұйымдастырды. 

Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті, қызметкерлерге қамқорлық жасау, сондай-ақ өндірістерде нөлдік жарақатқа қол жеткізуге ұмтылу - мұндай басымдықтарды әлемдік экономиканың әртүрлі салаларында көшбасшы болып табылатын компаниялар алдына қоюда екені аян. Еліміздегі ірі кәсіпорындарды шоғырландырған «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы да еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласындағы әлемдік стандарттарды ұстануға күш салады.

2022 жылды «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев Қордың компаниялар тобындағы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы деп жариялағаны белгілі. Топта 250 мыңнан астам адам жұмыс істесе, олардың көпшілігі – өндіріс еңбеккерлері. Олардың өмірі мен денсаулығын сақтау – Қордың басым межесі.

Осы орайда өндірістік қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттар: «нөлдік жарақаттану» қағидаты бойынша өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайту («Vision Zero» тұжырымдамасы), үздік салалық тәжірибелерді енгізу және қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениеті туралы хабардарлығын арттыру болып табылады. 

Мамыр айында «Самұрық-Қазына» АҚ KIOSH конференциясы кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кәсіби тәуекелдердің алдын алудың халықаралық қоры өз ниеттерін растау аясында тарихи үшжақты меморандумға қол қойды.

Жазда енді жыл сайын қолға алу көзделген «Самұрық-Қазына» қорының алғашқы Health&Safety форумы өтті. Ол Қазақстандағы «Самұрық-Қазына» АҚ тобының барлық өкілі үшін жаңа ірі сараптамалық алаңға айналды.

Форум барысында Қор тобының 13 ірі компаниясының топ-менеджерлері Health&Safety саласындағы жеке міндеттемелерге қол қойды. Басшылар қауіпсіздік құндылықтарына деген адалдықты жеке мысалмен көрсетуге, компанияларда еңбекті қорғау саласындағы озық тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызметкерлер үшін қауіпсіз жұмыс жағдайын жасауға міндеттенді. Тиісті топ-менеджерлер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Эйр Астана», «Qazaq Air» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Samruk-Kazyna Constraction» АҚ сынды белді компанияларға жетекшілік етуде.

Осыдан кейін қауіпсіздік жөніндегі форум «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да ұйымдастырылды.

I «KEGOC» АҚ өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау форумы

Форум аясында мамандар қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша озық тәжірибелерімен бөлісіп, өнеркәсіптік медицина және өндірістегі заманауи қорғау құралдары туралы айтты.

Жиналғандардың алдында «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов сөз сөйледі. Спикер компания қызметкерлерін іс-шараның өткізілуімен құттықтады. 

«Бүгін «KEGOC» АҚ қызметкерлері қауіпсіздік саласындағы көшбасшылыққа үлкен қадам жасады – компания тарихында алғаш рет Health&Safety мәселелеріне бағытталған ауқымды іс-шара өткізілуде. Мұндай кездесулер енді жыл сайын өткізіледі деп үміттенемін. Біз бәріміз өндірістегі әрбір қызметкердің еңбекті қорғау және амандығы мәселелеріне деген көзқарасын өзгерту үшін көбірек күш салуымыз керек деп санаймын. Барлық жұмысшыдан өзгеше ойлау мәдениеті, жеке қауіпсіздік міндеттемелерін жоғарылатуы және жоғары командалық рух қажет етіледі. Бірлескен күш-жігер арқылы жарақаттану деңгейін төмендету жөніндегі ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жүйесін құра алатынымызға сенімдімін», - деп атап өтті ол.

Форумда «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев та ойын ортаға салды. Оның айтуынша, өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері әрқашан бірінші орында және Компания осы бағыттағы міндеттерді еңсеруге ерекше көңіл бөле бермек.

«Бүгінгі кездесу – «KEGOC» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін тиімді шешуге жоғары қызығушылықтың айқын мысалы. Біз әрбір қызметкерге қамқорлық жасауды өз міндетіміз деп санаймыз және қауіпсіздік мәдениеті мен өндірістегі ережені сөзсіз сақтау басшылардан басталуы керек екеніне сенімдіміз», - деді ол.

Сондай-ақ, сөз тізігін ұстаушы «KEGOC» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы тиімді салалық стандарттарды үнемі зерделеніп, өндірісте озық тәжірибелер енгізілуде екенін тілге тиек етті. Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мақсатында стандартты іс-әрекеттен басқа, жыл сайын қауіпсіздік техникасы күндері, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау көрсеткіштері бойынша үздік филиалға конкурстар, ынталандырушы флешмобтар мен байқаулар өткізіледі. Компания сондай-ақ жеткізушілер мен мердігер ұйымдарға қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге жоғары талаптар қояды.

«KEGOC» АҚ және «Vision Zero»

Форумның маңызды оқиғаларының бірі - Samruk Business Academy өкілі және «Vision Zero Қазақстан» елшісі Виктор Поднебесный «KEGOC” АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевқа компанияның халықаралық нөлдік жарақаттану қозғалысына қосылғанын растайтын сертификат табыстады.

«Vision Zero» жаһандық тұжырымдамасы үш бағытты біріктіреді: қауіпсіздік, еңбек гигиенасы және өндірістің барлық деңгейіндегі жұмысшылардың амандығы. Қазіргі уақытта тұжырымдаманы бүкіл әлем бойынша 4000-нан астам компания, оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ тобының 9 компаниясы қолдады.

Форумның тағы бір айшықты тұсы «KEGOC» АҚ 9 өндірістік филиалы басшыларының Health&Safety саласындағы 7 жеке міндеттеге қол қоюы болды. Оған сәйкес компанияның кез келген қызметкеріне қауіпті еңбек жағдайы анықталған сәтте жұмыстарды орындауды тоқтата тұру құқығы беріледі.

Жоғарыда айтылғандай, Samruk Business Academy топтағы еңбек қауіпсіздігі саласындағы барлық іс-шараны бірлесіп ұйымдастырды. Академия еңбек қауіпсіздігі мәдениеті бойынша үлкен оқу бағдарламасын іске қосуда. Онымен өндірістік сектор қызметкерлері мен желілік басшыларды қамту жоспарлануда. Оқыту топ қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында біртұтас көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. «Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті» оқу курсы туралы толығырақ ақпаратты жақын арада sba.kz сайтынан табуға болады.